Енесінің етін ұрлаған тұрғын сотталуы мүмкін

Енесінің етін ұрлаған тұрғын сотталуы мүмкін

04.03.2021 0 Автор interfact_admin
    • Соғым етін ұрлап жемекші болған Жамбыл облысының тұрғыны бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы interfact.kz ақпараттық порталы облыстық полиция  сілтеме жасап хабарлайды.

Ағымдағы жылдың 1 наурызында Т.Рысқұлов аудандық полиция бөліміне Көгершін ауылының тұрғыны xабарласып, үйінің жанындағы қорасында жаюлы тұрған жылқы және қой малдарының етін белгісіз тұлғалардың ұрлап кеткендігі туралы арызданған.

Сол күні полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында осы ауылдың 33 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол — арызданушының келесі көшеде тұратын күйеубаласы екені белгілі болды.

Анықталғандай, ол соғым еттерінің жайылып тұрғанын алдын ала біліп, қораның есігінің құлпын бұзу арқылы түнгі уақытта жасырын кірген. Тіпті, қойды сойған кезде туыстарының үйінде көмектесіп жүргені белгілі болды.

Тергеу барысында күдікті жақын туысының үйіне ұрлыққа түскенде масаң күйде болғанын, соғым еттерін үйіне апарып асып жеу мақсатында қылмыс жасағанын мойындады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (тұрғын үй-жайға заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Көрсетілген бапқа сәйкес, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.