Меркі ауданында «Жомарт түлек» мектепке сый жасады

Меркі ауданында «Жомарт түлек» мектепке сый жасады

16.03.2021 0 Автор interfact_admin

Меркі ауданы, Тәтті ауылдық округінде «Жомарт түлек», «Туған жерге туыңды тік» ұстанымын ұстаған жеке кәсіпкер ауыл мектебіне үлкен сый жасады.
Атап айтсақ, осы ауылдың тумасы Әбутәліп Мүтәлі құны 12 млн теңгені құрайтын «STEM» лабораториясын сыйға тартты.

Кәсібінен нәсібін тапқан Абүтәліп Мүтәлі «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ –та оқып, елге келген соң «STEM Academia» компаниясының негізін қалайды.
STEM әлемдік жүйесі бағдарламалау және құрастыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, сонымен қатар бұл жүйе оқушылардың ғылыми-техникалық салаға деген қызығушылықтарын қолдау мақсатында робототехникасын шығармашылық және сыни қолдануға бағыт- бағдар береді.


Әбутәліп Мүтәлінің бастамасымен «1000 ІТ сыныбы — балалар үшін» жобасы қолға алынып, қазірге 500-ге жуық республика аумағындағы мектептер заманауи құрылғылармен жабдықталып отыр. Енді өзінің отбасының атынан ауылдық «мектептегі балалардың болашағы жарқын болсын» деген мақсатта осы кабинетті толықтай жабдықтап берді.
Өзі қалалық жерде оқығанымен ата-анасы осы Тәтті ауылында туып, қызмет еткен. Кішкентайынан әкесі Мүтәліге «Мен ауылға көмек бергім келеді» деген ниетте өскен бала Әбутәліп өсе келе арманын жүзеге асырды.


ІТ кабинеттің ашылу салтанатында ардагер ұстаздар мен ауыл ақсақалдары ізгі тілек ниеттерін білдіріп, саналы да салиқалы ұрпақ өсірген анасына алғыстарын білдірді. Ал мектеп оқушылары концерттік бағдарлама бойынша өнерлерін ортаға салып, Айбар Райымқұл жергілікті ақын Әбдімомын Қоңқабаевтың жеке кәсіпкерге арнаған арнау өлеңін мәнерлеп оқып берді.