Жамбылда 300-ге жуық өрт болып, 14 адам көз жұмған

Жамбылда 300-ге жуық өрт болып, 14 адам көз жұмған

10.03.2021 0 Автор interfact_admin

Жамбыл облысы әкімдігінде өткен басқосуда өрт және газдан улану жағдайларының алдын алу мәселесі қаралды. Аймақтағы төтенше жағдайлардың осы санаты бойынша статистика көңіл көншітпейді, деп хабарлайды http://Interfact.kz тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ермек Момбаевтың айтуынша, жылыту маусымы басталғаннан бері өңірде 284 өрт тіркеліп, 14 адам қаза тауып, екеуі жарақат алған.

Үш адам улы газбен уланған десек, 30-дан астам зардап шегуші құтқарылған.

Облыс әкімі төтенше жағдайлар департаменті басшылығынан төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін кемшіліктердің алдын алу жұмысын күшейтуді талап етті.

Бұл ретте тұрғындары қарапайым қауіпсіздік ережелеріне бейжай қарайтын бұрынғы саяжай массивтері мен қаланың шет жақтарындағы аудандарға ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.

«Көбірек брошюра, парақша шығарып, оларды ауыл мен қала тұрғындарына таратып, профилактикалық түсіндірме жүргізу керек. Бұл туындаған жағдайлар кезінде ғана емес, тұрақты, жүйелі негізде орындалуы керек. Әзірге жұмыс ойдағыдай атқарылып отырған жоқ десек, осы ретте ТЖ департаментінің алдын алу шараларының тиімділігі туралы айтудың өзі артық. Улы және табиғи газдың иісін анықтайтын датчиктерді орнату жұмысы іс жүзінде жүргізіліп жатқан жоқ. Жоспарланған құрылғылар санының 10 пайызы ғана орнатылған», — деп түйіндеді аймақ басшысы.

Өрттің алдын алу және газдан улану жағдайлары ағымдағы тоқсанның соңында облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысында тағы да жан-жақты талқыланады.